Бұл ескерткішті Қазақстан Ресей астанасына сыйға тартқан болатын. 2006 жыл - Қазақстанда Пушкин жылы және Ресейде Абай жылы деп жариялаған.
Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлына Мәскеуде ескерткіш орнату туралы шешімді екі елдің басшылары 2005 жылдың қаңтар айында қабылдады. Ал салтанатты ашылу Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында 2006 жылдың сәуір айында өтті.
Ескерткіштің ашылу салтанатына сол уақыттағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин қатысты.
Ескерткіш Қазақстан Елшілігі маңайына қойылған. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.
2012 жылы мамырда Чистые пруды тоғанының қасындағы Абай ескерткішінің қасында ресейлік оппозиционерлердің «Оккупай Абай» атышулы наразылығы өтті.
Бұдан соң ресейліктер үшін Twitter-де #Оккупай Абай хэштегі танымалдығы жағынан бірінші орынға шықты. Осының бәрі ресейліктердің Абай поэзиясына құштарлықтарын арттырды.
2012 жылы Мәскеудегі «Альпина нон фикшн» баспасынан Абай Құнанбаевтың «Таңдамалы» өлеңдер жинағы жарық көрді.
«Кітаптың таралымы - 3000 дана. Абайдың шығармасы ресейліктер арасында үлкен сұранысқа ие. Алғашқы күндері бүкіл тираж сатылды. Мәскеудің кітап дүкендерінде өлеңдер жинағының бағасы шамамен 250 рубльді (шамамен 8 доллар) құрады», - деді баспаның бас редакторы Роза Пискотина.
Содан бері қазақтың бас ақыны орналасқан жер әртүрлі өнер өкілдері бас қосатын шығармашылық алаңға айналды.
Қазір мұнда көбіне қазақ жастары жиналады. Абайдың өлеңдері оқылады, әндері айтылады, домбыра тартылады. Сондықтан бұл жердің Мәскеу қазақтары үшін де, жергілікті тұрғындар үшін де орны ерекше.























